Көңілді демалыс!
«Күншуақ» жазғы онлайн алаңы
Сандықтау орта мектебінде 1-5 маусым аралығында «Күншуақ» жазғы онлайн алаңының бірінші ауысымы өткізілді. Жазғы алаң іс-шараларымен 6-12 жас аралығындағы балалар қамтылды. Іс-шаралар белсенді, зияткерлік, эмоционалды демалыс түрлері бойынша жүргізілді. Балалардың денсаулықтарын нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау алға қойылды.
1-маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Балалар мерекелік онлайн концертке қатысып, ән айтып, жаз туралы тақпақтар оқыды. «Жаз – ғажайып мезгіл» тақырыбына суреттер салды.
4-маусымда Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне орай аталған тақырыпта видео фильм қарады, «Қазақстан Республикасының рәміздері» атты онлайн ойынға қатысты. Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайына виртуалды саяхат жасалынды.
«Достық күні» өте қызықты өтті. Бұл күні балалар өздерінің жақын достары туралы айтып, достық ережелерін құрастырып, мақал-мәтелдер байқауына қатысты. Ертегілер туралы өткізілген сұрақ-жауап сайысына үлкен қызығушылықпен ат салысты. Балаларға ертегілер туралы байқауларға қатысу өте қызықты болды.
«Лингвист күні» лингвистикалық жаттығулардан басталды. Бұл күні іс-шаралар ағылшын тілінде өткізілді. Балалар ән айтып, мультфильмдер қарап, дауыстап оқып, суреттер салды.
Байқаулар мен сұрақ-жауап сайысына белсене қатысқан оқушылар сыйлықтар мен мақтау қағаздарымен марапатталды.
Жазғы онлайн алаңы жұмысы кезінде балалар жақсы демалып, жағымды эмоцияларға кенелді, жаңа оқу жылына күш-жігер жинады. Мұны оқушылардың берген кері байланыстары айқындайды.